Құрық айлағында тасымалдау құжаттарын қағазсыз «Номад» технологиясымен ресімдеудің ілкі жобасы іске қосылды.

«Номад» цифрлық платформасы тасымалдау процесіне қатысушылардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыруға бағытталған. Экспорттық, импорттық және транзиттік жүктер, кеден, шекаралық басқа да мемлекеттік құрылымдарға қажетті құжаттар аталмыш жүйе арқылы өзара алмасылады.

Жүктерді ресімдеудің қағазсыз жүйесі «Қорғас-Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аумағында қазіргі таңда қалыпты жұмыс істеп жатыр, қазіргі таңда Құрық айлағымен ықпалдастыру жұмысы қолға алынуда.

«Қытайдағы жүк жасақталатын жерден бастап қордаланатын ақпараттар жолы бойы толықтырылып, біздің бірыңғай «Номад» жүйемізге түседі. Клиенттер өз тауарларының қозғалысын толық қадағалай алады. Жүк шекара өткеліне жақындаған кезде, қажетті ақпараттар тасымалдау процесінің басқа қатысушыларына да жеткізіледі. Бұл ақпараттар жүктерді өңдеу және рәсімдеу процесін барынша жеделдете түседі»,- дейді «Құрық айлағы» ЖШС бас директоры М. Сақтағанов.

 «Номад» сондай-ақ, Қазақстан мен Әзірбайжанның Ақтау, Құрық, Баку, Алят теңіз айлақтарын өзара байланыстырып, электрондық құжат айналымымен келешекте бүкіл Шығыс-Батыс транзиттік дәлізі қамтылатын болады.
Ақпараттық дәліз жүк жеткізілетін тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шекарада жүктердің ресімделу уақытын қысқартады. Тасымалдау процесіне қатысушы барлық тараптың жүйелерін ықпалдастыру жүк тасымалының ашықтығын арттырып, адам факторының әсерін, нақтырақ айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Жаңа цифрлық технологияларды енгізу жүк тасымалдау барысын тиімді басқаруға және транзиттік әлеуетті еселеуге мүмкіндік береді. 

comments powered by HyperComments