ҚТЖ мен Қытай Темір Жолдары Еуразия сауда ағынында контейнерлік тасымалды дамытады

ҚТЖ мен Қытай Темір Жолдары Еуразия сауда ағынында контейнерлік тасымалды дамытады

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Пекинде Қытай темір жолының бас директоры Лу Дунфумен кездесіп, Қазақстан аумағы арқылы контейнерлік тасымалды дамыту туралы мәселені талқылады.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ҚР мен ҚХР арасындағы жүк тасымалы көлемі 3920 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 33% өсті. Алашаңқай – Достық пен Қорғас-Алтынкөл шекаралық өткелдері арқылы Қытай-Еуропа-Қытай бағдарына 726 контейнерлік пойыз ұйымдастырылған. Ол көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 38% жоғары.

2018 жылы бұл көрсеткішті 320 мың ЖФЭ-ке жеткізу жоспарланып отыр. 2017 жылы 201 мың ЖФЭ контейнерлік жүк тасымалданды.

Кездесу барысында тараптар Қытай-Еуропа бағдарындағы контейнерлік пойыздарды 1520 мм. жолтабандары телімінде оңтайлы құрастыру жайын да ақылдасты. Осы мақсатқа Қорғас- Алтынкөл шекаралық өткелінің әлеуетін пайдаланудың ауа-райы жайлы, әрі техникалық жабдықталуы жөнінен де қолайлы екендігі айтылды. Соған қарамастан жүк жөнелтушілердің нарық жағдайына байланысты барынша қолайлы бағдарларды таңдайтындығы белгілі болып отыр.

Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ көлік бағдарларының қолайлы әрі бәсекеге сай болуы үшін кедендік ресімдеудің жеңілдікті шарттары мен тарифтік қолайлы жағдайларын жасайды.

«Мұндай кешенді шаралар жүк жөнелтушілердің біздің теміржол өткелдеріміз арқылы көлік бағдарының бәсекеге сай, әрі тиімді тұстарын таңдауларына мүмкіндік әпереді»,-дейді Қ. Алпысбаев.

Тараптар контейнерлік пойыздарды жаңа бағдарларға бағыттап, оны кері қарай да тиімді ұйымдастыру үшін жүк жөнелтушілермен өзара ұйымдастыру шараларын жасау қажеттігіне тоқталып, уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан аумағымен Қытай-Түркия бағдарына Карс-Ахалкалаки жаңа теміржол желісін қолданып, контейнерлік пойызды ұйымдастыру жайы қаралды.

Келіссөз соңында тиісті Хаттамаға қол қойылды.

Қ. Алпысбаев ҚХР сапары барысында Шаңхайда көлік және логистика саласындағы бірқатар ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, қарым-қатынасты одан әрі дамыту жайын талқылады.

 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

«KTZ Express» АҚ баспасөз қызметі

 

 

comments powered by HyperComments