Финляндиядан шыққан алғашқы контейнерлік пойыз Қазақстан аумағымен Қытайға бет алды

2017 жылдың 10 қарашасында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны - «KTZ Express» компаниясының вагондарынан жасақталған теміржол құрамы финнің Коувола стансасынан жөнелтіліп, Ресей, Қазақстан аумағы арқылы Қытайдың Сиань қаласына бет алды.

Пойызды жөнелту салтанатына Қазақстан елшілігінің, Коувола және Сиань әкімшіліктерінің өкілдері, көлік-логистикалық компаниялардың жетекшілері қатысты. 

Орман өнеркәсібінің өнімдері тиелген пойыз 8,5 мың шақырымды 10 күнде жүріп өтеді. Жолдың үш мың шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ның Құрғақ портында жүктер басқа вагондарға тиеліп, пойыз Алтынкөл шекаралық стансасынан әрі қарай өтеді.

«Финляндиямен теміржол тасымалы саласындағы серіктестікті әрі қарай дамытуға дайынбыз. Контейнерлік пойыздың Қазақстан аумағы арқылы Финляндиядан –Қытайға және кері бағытта транзиттік жүктерді тасымалда жобасы қатысушы барлық тарап үшін өте маңызды оқиға»,-дейді «KTZ Express» АҚ Контейнерлік тасымалдау департаментінің директоры Алмат Кәрімов.

Бұл жоба «KTZ Express» пен «Couvola innovation Oy» мультимодальдық логистикалық компанияларының бірлескен жұмысының табысты нәтижесі болып отыр. Коувола – Бусловская – Алтынкөл – Сиань бағдарымен жыл сайын шамамен 1 миллион тонна жүк тасымалданады деп болжануда.

Айта кететін жайт, , 2016 жылы желтоқсанда Қазақстан, Финляндия, Ресей, Қытай арасындағы «Шығыс көлік дәлізі» келісіміне қол қойылған болатын. 

comments powered by HyperComments