Бейжіңге қазақстандық астықты жеткізу мерзімі төрт есеге қысқарды

Ақмола темір жолының Атбасар станциясынан астық тиеген пойыз Пекинге тікелей жол тартты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның 53 жабық вагоннан тұратын салмағы 4,5 мың тонналық жылжымалы құрамы аталған бекетке дейін сұрыптау стансаларына соқпай, арнайы бекітілген кестемен жүреді.

«Пойыз жолда бір жарым тәулік жүреді. 36 сағаттан соң Достық стансасына тоқтайды. Құрам басқа жүк пойыздарына қарағанда төрт есе жылдамдықпен, тәулігіне 800 шақырымды жүріп өтеді. Сервистің бұл түрі бізге жылжымалы құрамды тиімді пайдалануға және оларды уақтылы жөнелтіп отыруға, ал жүк жөнелтушілерге – жүкті жөнелту уақытын жоспарлауға мүмкіндік беріп отыр»,- дейді Атбасар станциясының бастығы Серік Қайниденов.

С. Қайниденовтің айтуынша, Қытай Халық Республикасы кеден қызметінің карантиндік талабы бойынша астық қапшықталуы тиіс. Жеткізу мерзімі шамамен төрт есеге қысқарады. Ол арқылы вагон және жүк айналымы артып, жүк тасымалының сапасы көтеріледі. Жүктің сақталуына кепілдік беріледі».

Аталмыш қызмет түрінің басымдығы жоғары екенін жүк жөнелтушілер де айтып отыр.

 «Беркат-Экспорт» ЖШС осы қызмет түрін пайдаланып, Бейжіңге 20 вагон астық жөнелтті. Кәсіпорын басшысы Ахмет Огаевтың пікірінше, аталмыш бағдардың ең тиімді тұсы оның жеделдігінде болып отыр.

«Бұрын Қытайға пойыздар біздің жүгімізді бір аптада жеткізетін. Қазір енді бұған екі ақ күн жұмсалады. Біз енді аптасына екі рет астық тиейміз. Оның сыртында пойыздың қайда кетіп бара жатқанын онлайн режімінде бақылай аламыз. Бұл біз секілді жүк жіберушілер ғана емес, теміржолшылардың өздеріне де өте ыңғайлы және табысты жоба болып табылады»,-дейді А.Огаев.

 «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп, клиенттердің сұранысын қамтамасыз ету үшін ҚХР теміржолшыларымен бірлесіп осы тікелей бағдарды ұйымдастырып отыр.

Жыл басынан бері ұлттық оператор тұтынушыларға7 миллион тонна астық жеткізген. Оның ішінде 4,6 миллион тоннасы экспортқа шығарылған. Қытайға 320 мың тонна бидай жөнелтілген.

Айта кету керек, қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» астық тасымалдаудың жаңа технологиясын қолданысқа енгізуде. Қазан айында Құрық- Алят- Ахалкалаки- Карс- Мерсин бағдарында астық тасымалдайтын контейнерлік пойыздың ілкі жобасы іске қосылды.

Қараша айынан бастап бекітілген кесте бойынша 74 шаттл астық пойызы жөнелтілді. Оның ішінде Қостанай –Галаба (ИИР) -18, Қостанай-Орта Азия -13, Қостанай-Ақтау порты -25 бағдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қостанай - РФ Жаңа порт, Қостанай – Жаңаресей бағдарларына «шаттл» пойыздары ұйымдастырылды.

Бекітілген кестелер бойынша жүк тасымалдау барысында барлық ұйымдастыру және технологиялық процестер пойыздардың жөнелтілу және жету уақыттарына белгіленген.

comments powered by HyperComments