Астанада «Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) халықаралық қауымдастығы» ЗТБ жалпы жиналысы өткізілді

Отырыста Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы контейнерлік тасымалды дамыту мәселесі, 2018 жылы тұрақты контейнерлік пойыз жасақтау, сонымен қатар келесі жылы бағдардың бәсекелестікке сәйкестігін қамтамасыз ету үшін тарифтік мөлшерлеме бекіту мәселесі қаралды.

Қауымдастықтың Басқарма төрағасы – «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Транскаспий бағдарының қазіргі таңдағы жағдайына тоқтала келіп «биыл жыл аяғына дейін жоспарланған 700 мың тонна жүктің орнына 1,2 миллион тонна тасымалданатынын» хабарлады.

«Бағдардың қызметін одан да жақсарта түсу үшін ТХКБ қатысушылары ұзақмерзімдік бәсекелестікке сай келетін мөлшерлеме бекітіп алуымыз керек»,-деп ұсыныс жасаған Қ.Алпысбаев, Баку-Тбилиси- Карс теміржол бағдарының ашылуы мен оған Құрық портындағы автокөлік паром кешенінің іске қосылуы мол мүмкіндік ашып отырғанын атап өтті.

Қ. Алпысбаев «бұл өз кезегінде азербайжан, грузин, түрік теміржолшыларымен бірлескен түрде жүк ағынын бұрынғыдан да толықтыра түсуге мүмкіндік әпереді. Қазақстан тарабы жүк ағындарын барынша өсіріп, жүк жеткізу жылдамдығын 14-15 күнге қысқартуға күш салады»,-дей келе, көршілес елдер арасында жүкті осы бағдармен жеткізудің ең ұзақ мерзімі 15 күн деп белгілеп, Жол картасына қол қойылуы қажет екендігін атап өтті.

Қ. Алпысбаев сондай-ақ, ҚХР- Түркия/Грузия бағдарына айына кем дегенде екі рет тұрақты контейнерлік пойыздар ұйымдастыру керектігін атап өтті. Оның сыртында 40-50 контейнер тиеуге болатын кемелерді пайдалану қажеттігін де әңгімеледі.

Халықаралық «ТХКБ» қауымдастығының қызметін одан әрі жақсарту туралы Түрік теміржолының басшысы В. Курт баяндады.

Жалпы жиналыс аясында мультимодальдық оператор «KTZ Express» АҚ мен Түркия темір жолы арасында Түркия аумағымен жүк тасымалдау туралы келісімге қол қойылды.

Жалпы жиналыс шешімі бойынша, жаңадан тағайындалған «Грузия темір жолы» АҚ бірінші басшысы мен «Батуми теңіз порты» ААҚ басшысы Қауымдастықтың басқарма құрамына қабылданды.

 

comments powered by HyperComments